Altynsarin institute-да «Интеграция. Даму. Ілгері басу» атты networking өтті

Altynsarin institute-да «Интеграция. Даму. Ілгері басу» атты networking өтті

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында «Интеграция. Даму. Ілгері басу» атты нетворкинг ұйымдастырылды.

Аталған іс-шара жасанды интеллектіні қолдану арқылы «Педагогикалық шеберлік» және «Психодиагностика және кеңес беру» орталығының ұйытқы болуымен жүзеге асты. Әлеуметтік және кәсіби бағыттың бірлескен қызметін ұсынған шараның мақсаты – кәсіби байланыстарды орнату және нығайту, тәжірибе мен білім алмасу, өсу мен дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеу, серіктестік пен ынтымақтастық құру. Networking-ке Арқалық қаласындағы түрлі салалардың өкілдері – мемлекеттік қызметшілер, педагогикалық қоғамдастық, бизнес-қоғамдастық, құқық қорғау органдарының өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Алғашқы сөз кезегі ЖОО-дағы «Ғылыми-зерттеу орталығының» басшысы Жанар Байсеитқызына берілді. Ол өз сөзінде: «Ғылыми-зерттеу орталығының жанынан құрылған қос бірдей орталықтың кезекті шарасымен құттықтаймын. Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу – табыс кепілі. Біздің институттағы орталық мамандары сіздерге өмір сүруге қолайлы атмосфера жасауға барынша тырысып бағуда. «Университеттің үшінші миссиясы» біздің оқу орнымыз үшін – аймақ пен қаланың мүддесімен үйлесетін іс-шараларды қолға алу. Осы арқылы баршамыз мемлекеттің әлеуметтік миссиясын тұрақтандыруға мүмкіндік аламыз»,-деді.
Қатысушыларға алдымен QR-код енгізілген шақырту жіберіліп, алдын ала онлайн-сауалнама жүргізілді. Онда бірлескен жұмысқа деген көзқарасты, әртүрлі салалардағы тәжірибе алмасуға қызығушылық деңгейін, өзара ынтымақтастыққа дайындықты анықтауға қатысты сұрақтар берілген.
Шара барысында қоғамның барлық әлеуметтік топтарына әсер ететін әртүрлі индивидтер арасындағы қарым-қатынас, табысты ғылыми жұмысқа қадамдар, білім беру және инновация, психологиялық жұмыстың техникалары, эмоционалды қалып және т.б. өзекті мәселелерге арналған 12 тақырыптық үстел ұйымдастырылды.
Мобильді платформа арқылы таңдалған тақырыптар бойынша қатысушыларға «Педагогикалық шеберлік» орталығының ғылыми қызметкері Венера Есиргепова мен «Психодиагностика және кеңес беру» орталығының ғылыми қызметкері Гүлдана Смаилова спикерлік етті. Ашық диалогтық форматта өрбіген шараға 100-ге жуық қатысушы куә болып, соңында белсенді рефлексия жасады.
Ш.Уәлиханов атындағы №1 мектеп-гимназиясының педагог-психологы Рауан Жұмабекұлы жаңа форматтағы нетворкинг жұмыстары туралы: «Бұл бастама әр саладан жиналған мамандар үшін іздегенге – сұраған болды деп есептеймін. Себебі, педагогикалық шеберлік, педагогикалық кеңес беру жаңа заманның сұранысын қанағаттандыру үшін маңызды факторлардың бірі»,-деп атап өтті.
«Университеттің үшінші миссиясын» іс жүзінде орындауға білек сыбына кіріскен Altynsarin institute өңірдің әлеуметтік мәселелеріне осылайша ықпал етуде.
Ғылыми орталық қызметкерлерінің бастамасымен арнайы қатысушылар үшін telegram әлеуметтік желісінде @centrym_pdk телеграм каналы ашылып, іске қосылды. Алдағы уақытта ғылыми орталықтардың тарапынан үздіксіз педагогикалық және психологиялық сүйемелдеу жүргізіліп отыратындығы айтылды. Ал, өңір тұрғындары тығыз байланыс орнатуға ниетті екендіктерін жеткізді.

 

Байланыс


Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Қабылдау комиссиясы: 8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502

ТІРКЕЛІҢІЗ