Зейнеткер (профессор) ұстаздың «Өнегеге толы ғұмыр» атты кеші өтті
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Колдасбаева Зинаида Шәкірқызының 70 жылдық мерейтойына арналған мерекелік кеш ұйымдастырылды.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай өткен шығармашылық кездесуге Басқарма Төрағасы-Ректор Ержан Әмірбекұлы, Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Жұманов Мешітбай Қайыржанұлы, Арқалық қаласы ардагерлер кеңесінің төраағсы Әубәкіров Түбекбай Ғапсалықұлы, Арқалық қаласы «Аманат» партиясының басшысы Тасмағамбет Сабыржан Нұрсалиұлы, қалалық маслихат төрайымы Елтебаева Гүлбану Төкенқызы және т.б арнаулы білім беру орындары мен қалалық білім бөлімдерінің өкілдері, мектеп директорлары мен ұстаздар қатысты.
Мерекелік кешті «Педагогика және филология» факультетінің деканы Айбек Киікбайұлы тізгіндеп, кештің кейіпкерімен сүбелі сұхбат жүргізді.
ҚР Мәдениет қайраткері, Арқалық қаласының құрметті азаматы, дирижер Әбенов Бораш Қазбекұлы мерейтойлық кешті жанды оркестрмен ашып, ұстазға деген зор құрметті көрсетті.
Өнегеге толы ғұмыр иесінің шәкірттері мен әріптестері, қызметтес болған достары мен жақындары бас қосқан кездесуде Мәскеуден және алыс-жақын елді-мекендерден бейнеқұттықтаулар көрсетілді.
Сондай-ақ, студенттер ұстазға арнап ән шырқап, көркемсөз оқыды. Ал, келген қонақтар өткен күндерден үзік естеліктер айтып, ыстық лебіздерін білдірді.
Зинаида Шәкірқызы еңбек жолын 1974 жылы Қостанай облысының Амангелді ауданында орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып бастады. 90-ға жуық ғылыми әдістемелік еңбектердің авторы біраз жылдар институттың мемлекеттік аттестаттау комиссиясының төрайымы болып қызмет етті.
Ғұмыртарихында «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен (1991), 2004 жылдың қорытындысы «Білім» номинациясы бойынша «Жыл адамы» құрметті атағымен (Арқалық, 2004), Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі елеулі табыстары үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен (2008) және т.б марапатталған.
Кеш соңында зейнеткер ұстаз Торғай даласындағы ғылым мен білім кеңістігіне жете тоқталып, көпшілікке өз алғысын білдірді.