Жекпе-жек ұлттық спорт түрінен Altynsarin institute-ның студенттері жүлдегер атанды
2024 жылғы қаңтардың 27-31 күндері аралығында Тобыл қаласында жекпе-жек ұлттық спорт түрінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Қостанай облысының Чемпионаты өтті.
Мақсаты – Қостанай облысында спорт түрі ретінде жекпе-жекті дамыту және танымал ету.
Белсенді және салауатты өмір салтын насихаттау, спортшылардың спорттық шеберлігін арттыру, мықты спортшыларды анықтау міндеттерін көздеген чемпионатына аймақтық іріктеуден өткен спортшы жастар қатысты.
Арқалық қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі жасақтаған құрамада Ы.Алтынсарин атындағы АрқПИ-дің «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 4 курс сутденттері Сабыржан Мейірбек пен Жагипаров Олжас, «Тарих» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Сатыбалдина Жұлдыз және «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Сагиданова Гүлмайра болды.
Нәтижесінде ерлер арасындағы жекпе-жекте 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Сабыржан Мейірбек және қыздар арасында 55 келі салмақ дәрежесіндегі Сатыбалдина Жұлдыз бен 56 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасқан Сагиданова Гүлмайра 1 орын иеленді. Ал, 70 келі салмақ бойынша Жагипаров Олжас жүлделі 3 орынды еншіледі.
Айта кетейік, алдағы уақытта Altynsarin institute-ның спортшы студенттері Қостанай облысының құрамасында болып, өңірдің намысын қорғайтын болады.