Ректор бітіруші курс студенттерімен кездесті
Ы. Алтынсарин атындағы АрқПИ-ның Басқарма Төрағасы – Ректор Ержан Әмірбекұлы бітіруші 4 курс студенттерімен кездесті. «Педагогика және филология», «Жаратылыстану және ақпараттандыру», «Тарих және өнер» факультеттерінің академиялық топ студенттері қамтылған алаңда «Бітіруші түлектердің академиялық тәртібіне» қатысты мәселелер қозғалды.
Атап айтқанда: дипломдық жұмыс (жоба) орындауға жіберілетін студенттер, педагогтердің білімін бағалауына өтініштерді қабылдау тәртібі мен тестілеудің форматы, бітірушілердің жұмыспен өтеуі және міндетінен босату жөніндегі немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары, қорытынды аттестаттау рәсімі, жоғары оқу орнынан кейінгі білім турасында кеңінен сөз қозғалып, ашық диалог алаңы орнады.
Ректор Ержан Әмірбекұлы соңғы жағымды жаңалықпен де бөлісті. «ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қазақстандық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізді. Нәтижесінде, Altynsarin institute 2023 жылғы көрсеткіште «Түлектерінің жұмысқа орналасуы» бойынша 1 орынды иеленді. Бұл үлкен жетістік және біздің түлектердің білікті маман екендігіне дәлел. Сіздерді де қорытынды аттестаттау мен педагогтердің білімін бағалау сынды бірқатар жауапты кезеңдер күтіп тұр. Дайындықтарыңызды пысықтап, сәтті нәтижелерге қол жеткізеді деп сенемін», –деді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ, кездесуге факультет декандары А.К.Қалиев, Г.С.Конкина, Ә.Ескермесұлы, «Академиялық бағдарламалар, әдістемелік жұмыс офисінің» бастығы С.Б.Жұмабаева, «Тіркеу офисінің» бастығы Л.С.Шайменова қатысты.
Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтыратын сұрақтарын еркін жолдауға және талап-лебіздерін жеткізуге толық мүмкіндік алды. Олар өз кезегінде «Түлектер қауымдастығына», «Дипломды табыстау салтанатына» қатысты ұсыныстарын жеткізді.