2 ақпан – ұлттық басылым күніне орай кітап көрмесі өтті

2 ақпан – ұлттық басылым күніне орай кітап көрмесі өтті

Altynsarin institute-да 2 ақпан – ұлттық басылым күніне орай Ақпараттық-кешендік кітапханасының ұйымдастыруымен көрме өтті.

«Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» атты мерзімдік басылымдар мен кітап көрмесі ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында қазақ қоғамында орын алған мәселелерді шешудің негізгі қайнар көзіне айналып, қоғамдық ойға қозғау салып, бағыт-бағдар берген «Қазақ» газетіне 111 жыл толуына орай жүзеге асты.

Көрменің мақсаты – «Қазақ» газетінің шығу тарихы және қазіргі таңдағы газет ғұмырының жалғасуы жөнінде мағлұматтар мен басылымның мақсаттары туралы деректер беру, кітапхана кешеніне оқырмандар тарту.
Іс-шара барысында көрмеге келушілер назарына Торғай жерінен шыққан белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің ұйытқы болуымен, «Қазақ» газетінің заңды жалғасы ретінде 2006 жылы қайта жарыққа шыққан «Qazaq» газетінің 2013-2020 жылдар аралығындағы басылым беттері ұсынылды. Сондай-ақ, көрмеге қазақ тіліндегі тұңғыш газет жайлы ақпараттар жинақталған С.Смағұлова, Ғ.Әнес, Т.Замзаеваның ««Қазақ» газеті: 1913 жыл», ««Қазақ» газеті: 1914 жыл», Г.Тұрғараеваның «Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық – саяси және мемлекеттік қызметі: (1872-1937 жж.)», Н.Төреқұловтың «Көп томдық шығармалар жинағы» атты кітаптары қойылды.

Көрмеге қатысушыларға қазақ газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған Ахмет Байтұрсынұлының басылымды «Қазақ» деп атауы жайындағы пікірлері, газеттің шығу тарихы мен қазіргі таңдағы газет ғұмырының жалғасуы жөнінде маңызды ақпараттар берілді. Студенттер қоғамдық ойға қозғау салған тарихи басылымның қазақ руханиятындағы орны жайлы өзара пікір алмасты.

 

Байланыс


Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Қабылдау комиссиясы: 8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502

ТІРКЕЛІҢІЗ