Altynsarin institute-ның студенттері Түркияда ұлттық дәстүрімізді ұлықтады
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты халықаралық ынтымақтастық шеңберін кеңейту мақсатында студенттерге шетелдік ЖОО-да білім алуы үшін академиялық ұтқырлық және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер беруді көздейтіндігін бұған дейін де айтқанбыз.
Институт білім алушыларының академиялық ұтқырлығы шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен халықаралық шарттар, халықаралық бағдарламалар, меморандумдар және тәжірибе алмасу бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.
2023-2024 оқу жылының бірінші семестрінде қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, шет тілі: екі шет тілі, биология-география, математика-физика білім беру бағдарламасының 8 студенті Түркияға Мугла Сытки Кочман университетіне (Muğla Sıtkı Koçman Üniversitesi) оқуға кеткен болатын. Осы аралықта отандық студенттер бірлесе қоғамдық-мәдени, танымдық-тәрбиелік мақсаттағы шараларға белсене араласып, білім алумен қатар, рухани кемелдене түсті.
Солардың бірі Тәуелсіздік күніне орай шетелдік университет қабырғасында өткізілген мерекелік кеш. Мұнда студенттер алаш топырағындағы тәуелсіздік баспалдақтары, тарихтың толқымалы тұстары туралы сахна қойып, көркем сөз оқып, ұлттық код элементтері бейнеленетін дәстүрден, өнерден, спорттан үзік сәттерді көрермен назарына ұсынды. Көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген Altynsarin institute-ның өнерпаз студенттері «Түрік тілі және әдебиеті» кафедрасының деканы, доцент, PhD докторы, Ыбырайтанушы Екрем Аянның алғыс хатын иеленді.
Айта кетейік, отандық студенттердің бұл белсенділігі білім беру сапасын жақсартуға, білім алушылар мен оқытушылардың кәсіби, мәдени және білім деңгейін арттыруға, сыртқы және ішкі интеграциялық байланыстарды орнатуға және оқу ордасының беделін нығайтуға ықпал етеді.