Altynsarin institute Башқұртстанда өткен педагогикалық форумға қатысты

Altynsarin institute Башқұртстанда өткен педагогикалық форумға қатысты

29 қараша мен 2 желтоқсан аралығында Уфа қаласында Ұстаз және тәлімгер жылына арналған Ұлттық педагогикалық форум өтті. Форумды Ресей Білім министрлігі мен Башқұртстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен М.Ақмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті ұйымдастырды.

Форумның мақсаты – сапалы білім беруді қамтамасыз ету мәселелерін талқылау, практикалық оң тәжірибені жалпылау және тарату, қазіргі цифрлық трансформация жағдайында тұлғаның, қоғамның және білім беру процесінің қажеттіліктеріне сәйкес студенттердің, оқытушылардың және басқару қызметкерлерінің әмбебап құзыреттіліктерін дамыту.
Форумға Ресей аймақтары мен ТМД елдерінен көпмәдениетті және көптілділікте гуманитарлық білім беру мәселелерін зерттейтін 1000-нан астам ғалымдар мен сарапшылар, педагогикалық білім беру саласындағы мамандары, білім мен қоғамды трансформациялау мен дамыту мәселелерін зерттеушілер қатысты.

Қатысушылар қатарында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының делегациясы да бар. Оның құрамына профессор, басқарма төрағасы – ректор Әмірбекұлы Ержан, педагогика және филология факультетінің деканы Айбек Қалиев, тарих және өнер факультетінің деканы Гүлбаршын Конкина, жаратылыстану және ақпараттандыру факультетінің деканы Әлібек Ескермесұлы және ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Байсейітова кірді.

Форум аясында бірнеше іс-шаралар өтті: халықаралық және бүкілресейлік ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, бүкілресейлік ғылыми-әдістемелік семинар.
Форумда ХХІ ғасырдағы қоғамның дамуына қатысты мәселелер талқыланды: ұлттық бірегейлік пен көпэтносты аймақтардағы білім; көпмәдениетті білім берудің көптілді үлгілері; ұлттық өнердің дәстүрлері және оның қазіргі әлемдегі даму мүмкіндіктері; адамның діни және рухани-адамгершілік компоненттерінің мәселелері; үздіксіз қосымша кәсіптік білім беру, жастар мен жасөспірімдер бірлестіктерінің қызметін, көпмәдениетті, көптілділікті дамыту және сақтау, рухани құндылықтарды жаңғырту және жастарды тәрбиелеу; білім берудің дамуындағы инновациялық тенденциялар дәуіріндегі адам мен адами қарым-қатынастың рөлі.
Форумның бірінші күнінде бірден бірнеше алаңдар өз жұмысын бастады:
• «XVIII Ақмулла оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференция;
• «Ұлттық білім беру жүйелеріндегі дәстүрлер мен инновациялар» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция;
• «Сафин оқулары – 2023» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция;
• «Қашықтықтан білім беру: трансформация, артықшылықтар, тәуекелдер және тәжірибе» IV Бүкілресейлік ғылыми-тәжірибелік конференция (халықаралық қатысумен);
• «Қазіргі заманғы медиа ортадағы гуманитарлық білім: мақсаттар, құндылықтар және технологиялар» Бүкілресейлік ғылыми-әдістемелік семинар.

Altynsarin institute ғалымдары Ұлттық педагогикалық форумның барлық ғылыми шараларына қатысып, пленарлық отырыстарда баяндама жасады. Мәселен, форум аясында «Қашықтықтан білім беру: трансформация, артықшылықтар, тәуекелдер және тәжірибе» атты ІІІ Бүкілресейлік ғылыми-тәжірибелік конференцияда Басқарма төрағасы – ректор, э.ғ.д., профессор Ержан Әмірбекұлы 4.0 индустриясы жағдайында педагогикалық білімін трансформациялау мәселесін көтерді.

«XVIII Ақмуллин оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының пленарлық мәжілісінде «Педагогика-филология» факультетінің деканы, ф.ғ.д., Қалиев Айбек Кикбайұлы башқұрт тілінде Ақмолла Мұхамедьяров шығармашылығы және қазақтың дәстүрлі поэзиясы туралы баяндама жасап, аудиторияны таң қалдырды және қызықтырды.
Тарих және өнер факультетінің деканы, ф.ғ.д., Конкина Гүлбаршын Спанқызы «Ұлттық білім беру жүйелеріндегі дәстүрлер мен инновациялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Қазақстанның модернизациясындағы білім беру бағдарламаларын жаңарту мәселелері туралы баяндамасымен қатысты.

Ғылыми орталықтың басшысы Байсейітова Жанар Байсейітқызы «Қазіргі заманғы медиа-ортада гуманитарлық білім беру: мақсаттар, құндылықтар және технологиялар» атты Бүкілресейлік ғылыми-әдістемелік семинарда «Болашақ мұғалімдерді даярлау жүйесіндегі медиа-білім берудің рөлі туралы» баяндама жасады.

Форумның екінші күні жаратылыстану ғылымдары және ақпараттандыру факультетінің деканы, PhD докторы Ескермесұлы Әлібектің «Сингулярлы потенциалы бар Штурм-Лиувилл операторы үшін толқындық теңдеуді шешудің дұрыстығы» тақырыбындағы баяндамасы «Сафин оқулары» Бүкілресейлік ғылыми-практикалық конференциясының секциялық отырысында көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Форумның барлық іс-шаралары университет алаңдарында оффлайн және қашықтықтан форматта өткізілді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, М.Ақмулла атындағы БПУ базасында Ұлттық педагогикалық форумды өткізу ТМД-ның барлық елдері тұрғындарының өзара рухани-мәдени баюына, сондай-ақ, мәдениет, экономика, білім және әлеуметтік өмір салаларындағы мемлекетаралық қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар университеттің ғимараттары мен технопарктеріне экскурсия жүргізді. Қазақстан делегациясы университеттің факультеттері мен институттарымен, инновациялық алаңдармен және зертханалармен жан-жақты танысты.

Айта кетерлігі, Форум аясында М.Ақмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті мен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты арасында бірлескен жобалар талқыланып, ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

 

 

 

Байланыс


Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Қабылдау комиссиясы: 8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502

ТІРКЕЛІҢІЗ