Арқалық қаласының психологиялық-медициналық-педагогикалық консилиум мамандарымен шеберлік сыныптары өтті
Altynsarin institute-дағы «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының студенттері Арқалық қаласының ПМПК мекемесінің мамандарымен кездесіп, дөңгелек үстел өткізді.
Шеберлік сыныптарының мақсаты – адам түпсанасының жұмыс қабілетін меңгеру, мекеме қызметімен, қызмет алушылардың ерекшелігімен, диагностикалау жұмыстарымен таныстыру.
ПМПК жетекшісі А.О.Издыбаева «Педагогика және филология» факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттеріне баяндама жасап, психологиялық ғылым мен практиканың қолданбалы аспектілерін адамның әлемдегі өзіндік тиімділігімен байланысты талдау және интеграциялау мәселелеріне тоқталды.
Кездесу барысында қазіргі уақытта ПМПК мекемесінде жұмыс атқаратын «Педагогика және психология» білім бағдарламасының түлектері дефектолог М.Н.Шаргынова мен психолог Б.Қуаныш қолданбалы психологияның заманауи технологияларын әр түрлі өмір сүру салаларында қолдана білу турасында әңгіме өрбітті.
Сондай-ақ, аға оқытушы Г.Б. Мусированың жетекшілігімен ПП-41 тобының студенттерінің әзірлеген арт-терапиялық, рөлдік ситуациялар (Морено психодрама) көрсетіліп, қызу талданды. «Педагогика және психология» ББ жетекшісі Т.О.Каратаева мен аға оқытушы А.Е.Тауекелова дөңгелек үстелге қатысушыларға корпоративтік мәдениет пен психологиялық ынтымақтастықты қалыптастыру бағытындағы шара үшін өз алғыстарын білдірді.
Қорытынды сәтте Педагогика және филология факультетінің деканы ф.ғ.к. А.К.Қалиев қатысушыларға арнайы сертификаттарды табыстады.