Самбо күресінен Азия және Океания чемпионатында Altynsarin institute-ның студенттері жүлдегер атанды
Ақтау қаласында 13 мамыр күні алғаш рет «Халық арена» спорт кешенінде спорттық және жауынгерлік самбодан жасөспірімдер, жастар, кадеттер және шеберлер арасында Азия және Океания чемпионаты басталды.
17 мамырға дейін жалғасқан чемпионатқа 25 мемлекеттен 500-ден астам спортшылар мен қонақтар қатысты.
Дүбірлі спорт додасының ашылу салтанатында Халықаралық самбо федерациясының президенті Аламжон Муллаев құттықтау сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қазақстанның намысын қорғаған 100-ден астам спортшының қатарын Altynsarin institute-ның қос бірлей студенті толықтырды.
Нақтырақ айтқанда, «Тарих» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Сатыбалдина Жұлдыз самбо күресінен Азия және Океания чемпионы атанса, «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Сагиданова Гүлмайра ІІ орынды қанжығасына байлады.
Өз салмақ дәрежелерінде озық өнер көрсетіп, жақсы оқу-жаттығудан өткен спортшы студенттеріміз кәсіпқой формасының шыңында екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қуантарлығы, Азия және Океания чемпионатында Қазақстан ұлттық құрама командасы - 1 орынды иеленді және Қостанай облысының құрамасы үшін тұңғыш рет тарихи жеңіс орын алды.
Айта кетейік, 2023 жылы Ташкентте өткен самбо күресінен Азия одағының конгрессінде осы шараны өткізу үшін 37 мемлекеттің арасынан Қазақстанның Маңғыстау облысы таңдалды. Бұл жарыстың әсем шаhар Ақтау қаласында өтуі – Қазақстандағы спорттық қозғалыстың дамуына септігін тигізіп қана қоймай, туризм саласының дамуына да ықпал етпек.