Altynsarin institute делегациясының Түркияға сапары

Altynsarin institute делегациясының Түркияға сапары

2024 жылдың 6-10 мамыр аралығында Altynsarin institute өкілдері Басқарма төрағасы – Ректор Е.Әмірбекұлы және «Педагогика және филология» факультетінің деканы А.К.Қалиев іссапармен Түркия Республикасына барды.

Түркияда болған аралықта қазақстандық жоғары оқу орнының делегациясы үш жетекші түрік университеттерінің – Marmara University, Nigde Ömer Halisdemir Üniversitesi, Mugla Sıtkı Kocman University басшылығымен кездесті.

Институт делегациясының аталмыш университеттермен достық қарым-қатынасы 2022-2023 жылдары «Шақырылған шетелдік ғалым» бағдарламасы бойынша Түркиядан келген профессорлардың АрқПИ-ге сапары аясында жолға қойылған өзара ынтымақтастық туралы диалогты дамыту шеңберінде өтті.
Кездесудің күн тәртібінде студенттерді Түркиядағы оқу тағылымдамасы шеңберінде оқыту, сондай-ақ академиялық және ғылыми алмасуды іске асыру арқылы халықаралық ынтымақтастықтың болашағы мәселелері көтерілді. Сәйкесінше, Қазақстандық делегация сапарының бағдарламасына университеттерге бару, кампустармен танысу, басшылықпен келіссөздер жүргізу, ұтқырлық бойынша түрік ЖОО-дағы АрқПИ студенттерімен кездесу, профессорларымыздың түрік студенттеріне дәріс оқу кірді.

Кездесулер барысында екі тарап та университетті дамытудың басым бағыттарына назар аудара отырып, өз университеттерін таныстырды. Қазақстаннан келген қонақтар түрік жоғары оқу орындарының тарихымен, құрылымымен, негізгі қызмет бағыттарымен, жетекші халықаралық рейтингтердегі ұстанымдарымен жете танысуға мүмкіндік алды. Факультеттердің білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстары егжей-тегжейлі ұсынылды. Жоғары оқу орындарының басшылығы жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.
Сонымен, Nigde Ömer Halisdemir университетінің өкілдері филологиядағы ғылыми ынтымақтастықты жолға қоюға қызығушылық білдірді. Олар АрқПИ студенттеріне институт базасында түрік тілін үйрету туралы ұсыныс жасады. Тараптар «Erazmus+» және «Mevlana» бағдарламалары шеңберінде студенттер мен оқытушылар алмасу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін өзара іс-қимыл нысандарын, жоғары оқу орындарының бірінің базасында студенттерге арналған жазғы мектептерді өткізуді қарастырды.

Сондай-ақ, Нигде қаласына ат басын бұрған Е.Әмірбекұлы мен А.Қалиев Түркиядағы Nigde Ömer Halisdemir университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жатқан Ы.Алтынсарин атындағы АрқПИ студенттерімен кездесті.
Мугла қаласында Mugla Sıtkı Kocman University Халықаралық ынтымақтастық орталығының профессорлық-оқытушылық құрамымен, жетекшісімен және қызметкерлерімен кездесуде Ержан Әмірбекұлы тығыз әрі нәтижелі өзара іс-қимылға дайын екендігін білдірді. Тараптар қазақстандық және түрік университеттері арасындағы ынтымақтастықтың үздік тәжірибелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
«Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына студенттердің академиялық ұтқырлығы, бірлескен білім беру бағдарламалары және білім алмасуға қызмет ететін басқа да бағыттар кіреді. Зерттеу жобалары біздің ынтымақтастығымызда да маңызды рөл атқарады», - деп атап өтті Ержан Әмірбекұлы.
Өз кезегінде А.Қалиев Mugla Sıtkı Kocman University студенттеріне қазақ филологиясы бойынша дәріс оқыды.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың күзінде осы жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Бүгінгі таңда ынтымақтастық туралы келісімдер аясында институттың 8 студенті Mugla Sıtkı Kocman University-де академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқудан өтті.
Түрік университеттеріндегі әріптестермен кездесу нәтижесінде АрқПИ студенттерінің академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқудан өткізу, профессор-оқытушылар құрамымен алмасу және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ынтымақтастықтың ең перспективалы жолдарының нақты тізімін жасау, серіктестік туралы барлық әкімшілік және мазмұнды мәселелерді талқылау туралы шешім қабылданды.
Үш түрік жоғары оқу орындарының барлық басшылығы қазақстандық әріптестеріне сапары үшін алғыс айтып, жемісті бірлескен өзара қарым-қатынасқа үміт білдірді. Олар екі елдің жоғары оқу орындарының студенттеріне, оқытушылары мен ғылыми қызметкерлеріне оң ықпал ететін табысты жұмыс тіледі.
Кездесу соңында тараптар естелік сыйлықтармен алмасты.

 

Байланыс


Мекен-жайы: 110300, Арқалық қ., Әуелбеков көш.,17
Тел: 8-71430-7-24-88
Қабылдау комиссиясы: 8-71430-7-11-57
Call center: +77143049502

ТІРКЕЛІҢІЗ