Халықаралық дөңгелек үстел: «инклюзивті білім беруді дамыту жағдайы мен перспективалары»
2024 жылдың 20 мамыр күні «Инклюзивті білім беру» ғылыми орталығының ұйымдастыруымен Набережные Челны педагогикалық университетімен бірлескен «Инклюзивті білім беруді дамыту жағдайы мен перспективалары» атты халықаралық онлайн дөңгелек үстел өтті.
Шараның мақсаты – инклюзивті білім берудің даму деңгейі бойынша өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, тәжірибе алмасу үшін қатысушылар арасында диалог ұйымдастыру.
Дөңгелек үстелге Altynsarin institute мен Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы, Арқалық қаласы білім бөлімінің педагог-психологы, әдіскерлер қатысты.
«Инклюзивті білім беру» орталығының ғылыми қызметкері, магистр Мусирова Гүлім Бақытқызы модераторлық еткен шарада мазмұнды баяндамалар тыңдалды.
Нақтырақ айтқанда, Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университеті, психологиялық-педагогикалық арнайы дефектологиялық білім беру кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к. Хуснитдинова Резида Рустамовна, аталмыш университеттің «Кешенді зерттеулер зертханасы» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Хакимова Гульнара Ахметхабибовна, Altynsarin institute «Психодиагностика және кеңес беру» орталығының ғылыми қызметкері, магистр Есиргепова Венера Жумабековна, Арқалық білім бөлімінің педагог-психологы Курмангалиева Диана Амангельдықызы мен әдіскер Жақыбаева Жанаргул Алимжановна инклюзивті білім берудің өзектілігіне жіті тоқталып, баяндамаларын қатысушылар назарына ұсынды.
Дөңгелек үстел барысында Набережные Челны мемлекеттік педагогикалық университетінің «Кешенді зерттеулер зертханасы» ғылыми-зерттеу зертханасындағы техникалар мен оларды пайдалану таныстырылымы жасалып, білім алуда ерекше қажеттілігі бар студенттермен жұмыс жасау тәсілі айтылды.
Шара соңында «Инклюзивті білім беру» орталығының ғылыми қызметкері Г.Б.Мусирова: «Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған осы мәселеге салқын қарауға болмайды. Жаһандық мәселеге әлем ғалымдарымен бірге үн қосу аса маңызды деп ойлаймын. Бүгін инклюзивті білім беруді дамыту жолдары мен перспективалары өз деңгейінде қаралды. Сонымен қатар, екі ЖОО арасындағы өзара ынтымақтастықтың жалғасын табарына зор сенім білдіремін», - деді.